«Алтын - Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болу ережесі
Жеке тұлғалар үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтың (бұдан әрі — ЕҚТА) түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында болу кезінде мынадай іс-әрекеттер жасауға РҰҚСАТ ЕТІЛЕДІ:
1) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдармен және экскурсиялық маршруттардың арнайы жолдарымен, механикаландырылған көлiкпен және салт атпен жүру, қорықтық күзет режимi бар учаскелерден басқа, арнайы жабдықталған орындарда аялдау;
2) белгіленген туристік маршруттармен және соқпақтармен табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен алдын-ала келісілген, ЕҚТА экскурсия ұйымдастырушыларының немесе инспектор-гидтерінің бастап жүруімен ұйымдасқан экскурсиялар мен туристік жорықтар өткізу;
3) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша су айдындарында тек қана моторсыз жүзу құралдарымен жылжу;
4) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде, осыған арнайы бөлінген орындарда жабайы жемістер, жидектер, саңырауқұлақтар, дәрі-дәрмектік өсімдіктер, шөп шабу, отын дайындау және дәстүрлі табиғат пайдаланудың басқа түрлері;
5) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша спорттық және экологиялық-ағарту іс-шараларын, туристік слеттер өткізу;
6) кәсіби және әуесқойлық фото-бейне түсірімдер жүргізу;
7) оқу практикаларын өткізу;
8) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде оқу мақсаттары үшін гербарий жинау, топырақ үлгілерін іріктеу (табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісілген жағдайда);
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында көзделген өзге де қызметтер.
ЕҚТА-ның түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында РҰҚСАТ ЕТІЛМЕЙДІ:
1) ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжаттарсыз ЕҚТА-да болуға;
2) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан немесе арнайы экскурсиялық соқпақтар мен туристiк маршруттардан тыс жерлерге келiп кiруге және олар арқылы жүрiп өтуге;
3) белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөлік және басқа да механикалық құралдар қоюға;
4) автокөлікті және басқа да механикалық құралдарды су айдындары жағалауына қоюға және жууға, ыдыс-аяқ жууға, кір жууға, үй жануарларын шомылдыруға;
5) су айдындарында, ЕҚТА-ны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция пайдаланатын және құтқару пунктерін алып тастағанда моторлы жүзу құралдарынан басқа, моторлы яхталардың, катерлердің, моторлы қайықтардың, скутерлердің, квадроциклдердің болуына;
6) арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерлерде тағам әзірлеу үшін от жағуға, мангал, ошақ орнатуға;
7) осы мақсаттар үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде аялдау орындарын жабдықтауға, шатырлар тігуге;
8) торлармен және басқа тыйым салынған құралдармен және жабдықтармен балық аулауға;
9) тиісті рұқсатсыз жабайы жануарларды алып қоюға;
10) жабайы жануарларды үркітуге және қоректендіруге;
11) ұяларды, індерді, апандарды және құмырсқа илеулерін бүлдіруге;
12) ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға және оларға зақым келтіруге, тұрмыстық қажеттілік үшін сыпыртқылар мен сыпырғыштарға шыбықтар дайындауға;
13) табиғат, тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін қиратуға және бүлдіруге;
14) рұқсат етілген жинау орындарынан тыс жерлерде жабайы өсетін ағаш, бұта, шөп өсімдіктерін және дәрі-дәрмектік шикізат жинауға және қазып алуға;
15) осы үшін арнайы бөлінген орындардан басқа жерлерде жабайы өсетін жемістер, саңырауқұлақтар және жидектер жинауға;
16) көрнекі үгіт құралдарын (стенділер, паннолар, аншлагтар және басқалар), орман орналастыру, орман шаруашылығы және жерге орналастыру белгілерін қиратуға және бүлдіруге;
17) құрылыстарға, ағаштарға, тастарға және жартастарға жазулар жазуға және суреттер салуға;
18) өз бетімен мал жаюға, шөп жинауға, сүрек дайындауға және басқа да заңсыз орман пайдалануға;
19) топырақ қабатын тұрмыстық қоқыспен және қалдықпен ластауға;
20) «Жасанды жолмен жасалатын шудың және өзге де акустикалық әсерлердің нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/899 бұйрығымен бекiтiлген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12387 болып тіркелген) шудың және өзге де жасанды акустикалық әсерлердiң нормаларына сәйкес қоршаған ортаға шу шығаратын және басқа да акустикалық әсерлердi қолдану;
21) мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен табиғи кешендер объектілерінің табиғи дамуын және сақталуын бұзатын өзге қызметтерге жол берілмейді.
ҚОСЫМША:
Келушіде табиғат қорғау мекемесі ұсынатын қызметтерге ақы төлегені туралы растайтын құжаттың болуы ЕҚТА аумағына келуге негіз болып табылады. Зейнеткерлерден, мүгедектігі бар адамдардан, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерінен, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерден, еңбек ардагерлерінен, мектеп жасына дейінгі балалардан көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу туралы растайтын құжатты ұсыну талап етілмейді.
Қызметтерге ақы төлегені туралы растайтын құжат (қағаз және электронды түрде) келушінің болу мерзімінің соңына дейін сақталуы тиіс.
Рекреациялық жүктеменің жол берілетін нормаларына байланысты келушілер легін реттеп отыру мақсатында табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігі осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Келушілерді есепке алу журналын (бұдан әрі — Журнал) жүргізеді. Журнал нөмірленеді, жіппен байланады және оған табиғат қорғау мекемесінің мөрі басылады.