Айғайқұм

Айғайқұм – «Алтын-Емел» ұлттық паркінің бірегей туристтік нысандарының бірі.
Айғайқұм – тік беткейі бар, таза кварц құмынан тұратын тау. Құрғақ құм қозғалғанда, құм түйіршіктерінің үйкелісінен ұзақ, қатты дыбыс шығады, ол төменгі дауысты әнге ұқсайды. Сол себепті бұл құм төбені «Айғайқұм (Ән салатын құм)» деп атаған. Мұндай сирек табиғи құбылыс әлемнің тек бірнеше жерінде ғана кездеседі.
Айғайқұм Қазақстанның 7 табиғи кереметінің бірі болып саналады. Республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш мәртебесіне ие. (Қазақстан Республикасы Үкіметінің №746 Қаулысы 19.07.2005 ж.).

ОРНАЛАСУЫ
Айғайқұм «Алтын-Емел» ұлттық паркінің оңтүстік орталық бөлігінде, Іле өзенінің оң жағалауында, Үлкен және Кіші Қалқан тау массивтері арасында, Басши ауылынан 50 ш, Алматы қаласынан 320 ш жерде орналасқан.

ҚАЛЫПТАСУЫ
Айғайқұм Жетісу өңіріндегі геологиялық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған. Шамамен 200 мың жыл бұрын Үлкен Қалқан жанартауының бір бөлігі ығысып, Кіші Қалқан тауларын қалыптастырды.
Бұл жаңа дәлізге оңтүстік-шығыстан, батыс-солтүстік-батысқа қарай соғатын желдер жанартау етегінде жатқан құмдарды әкеліп, шамамен 10-12 мың жыл бұрын үлкен құм төбелерді қалыптастырды. Үлкен және Кіші Қалқан таулары Айғайқұмды қоршап, оның пішінін өзгеріссіз сақтап келеді.

АУМАҒЫ
Ән салатын құм төбенің ұзындығы 3 ш, биіктігі 150 м. Бұл – туристер арасында ең танымал оңтүстік құм төбе. Жақын жерде биіктігі шамамен 100 м болатын солтүстік құм төбе орналасқан.
Құм төбелердің жалпы ауданы – 240 га. Құм төбелердің абсолюттік биіктігі 600-650 м жетеді.

АЙҒАЙҚҰМНЫҢ ДЫБЫСЫ

Құм төбелер қобыз дыбысы мен сыбызғының төмен дыбысына немесе бірнеше шақырымға естілетін реактивті ұшақтың гуіліне ұқсайтын дыбыс шығарады. Ол құрғақ, желді ауа райында, құм массасы қозғалғанда пайда болады.
Бұл құпия құбылыс туралы әртүрлі тұжырымдар бар. Бір теория бойынша, дыбыс жиілігі құм массасының қозғалыс жылдамдығына байланысты. Басқа ғалымдар бұл құбылысты құмның беткі құрғақ қабатының қалыңдығымен байланыстырады. Дыбыс толқындары құм төбенің беткі қабаты мен ылғалды қабат арасындағы резонанс нәтижесінде күшейеді. Дыбыс құм түйіршіктерінің үйкелісінен немесе олардың арасындағы ауаның сығылуынан пайда болуы мүмкін.
Бұл дыбыстық эффект жел болғанда ғана емес, құм төбенің құрғақ беткейінен сырғанап түскенде де байқалады.
Құм төбенің үлкен көлеміне байланысты белгілі бір жағдайда ол күшті, төмен және ұзақ дыбыс шығарады.

ТУРИЗМ
Айғайқұм – «Алтын-Емел» ұлттық паркінің басты туристік нысаны.
Үлкен құм төбелердің дыбыс шығаруы – сирек кездесетін құбылыс, ол әлемнің тек бірнеше жерінде ғана бар.
Құм төбенің «әнін» тыңдап тұрған сәтте, бұл дыбысты құмды тау емес, төмен ұшып бара жатқан ұшақ шығарып тұрғандай көрінеді.

Тағы қараңыз:

Туристтік маршрут №1 (Айғайқұм) >

ЕҚТА БОЛУ ЕРЕЖЕСІ